Jan 16, 2026
06 қараша 2025
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтында психология саласына арналған курстар өз жалғасын табуда. Бұл бағдарлама білім беру жүйесінде және әлеуметтік салаларда қызмет ететін мамандардың кәсіби деңгейін арттыруға бағытталған.
Курс барысында тыңдаушылар психологиялық зерттеулердің қазіргі заманғы әдістерін, тұлға дамуы мен мінез-құлықтың ерекшеліктерін талдаудың ғылыми негіздерін меңгеруде. Оқыту үдерісі тәжірибелі профессорлар мен практик мамандардың жетекшілігімен жүргізіледі. Сабақтар интерактивті форматта өтіп, қатысушыларға теориялық біліммен қатар, нақты практикалық дағдыларды да қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Бағдарлама мазмұны психологиялық диагностика, кәсіби қарым-қатынас мәдениеті, мотивация және тұлғаның эмоционалды интеллектісін дамыту мәселелерін қамтиды. Тыңдаушылар сондай-ақ заманауи психологияның қолданбалы бағыттарымен – білім беру психологиясы, кеңес беру психологиясы және әлеуметтік-психологиялық зерттеу әдістемелерімен танысуда.
Институт мамандарының айтуынша, курстың басты мақсаты – тыңдаушылардың кәсіби құзыреттілігін кеңейтіп, қоғамның психологиялық мәдениетін арттыру. Психология бағыты бойынша мұндай курстар мамандарға тек кәсіби салада ғана емес, сонымен қатар тұлғалық даму тұрғысынан да маңызды тәжірибе береді.
Біліктілікті арттыру курстары офлайн және онлайн форматтарда өткізіледі. Бұл қатысушыларға өз кестесіне ыңғайлы уақытта білім алу мүмкіндігін береді және еліміздің әр аймағынан қосылған мамандар үшін қолжетімді орта қалыптастырады.