Jan 16, 2026
08 қазан 2025
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтында цифрлық сауаттылыққа арналған курстар жалғасуда. Бұл бағдарлама – ел азаматтарының цифрлық дағдыларын арттыру және жаңа технологияларды күнделікті өмірде тиімді қолдануға үйретуге бағытталған маңызды әлеуметтік бастама.
Курстардың ерекшелігі – білім алу мүмкіндігін өмірдің барлық кезеңінде сақтау қағидасына негізделуі. Әсіресе күміс жастағы (зиялы зейнет жасы мен егде буын) тыңдаушылар бұл бағдарламаны ерекше ықыласпен қабылдады. Олар үшін компьютерлік сауаттылық пен интернеттегі қауіпсіздік, мемлекеттік электронды қызметтерді пайдалану, смартфон мен онлайн платформалармен жұмыс істеу секілді тақырыптар қамтылған.
Курс барысында қатысушылар eGov.kz және Kaspi.kz сияқты танымал онлайн сервистерді пайдалануды, PDF және Word құжаттарымен жұмыс істеуді, электронды пошта мен мессенджерлерді қауіпсіз қолдануды меңгереді. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде ақпараттық гигиенаны сақтау мен жалған ақпаратты ажырату мәселелеріне де назар аударылады.
Тыңдаушылардың айтуынша, курс мазмұны түсінікті, практикалық тұрғыдан пайдалы әрі заманауи талаптарға сай. Көпшілігі жаңа технологияларды меңгерудің өз өмірін жеңілдетіп қана қоймай, қоғам өміріне белсенді араласуға мүмкіндік беретінін атап өтуде.
Институт өкілдерінің мәлімдеуінше, цифрлық сауаттылық бағытындағы бұл жоба – ел Президентінің «Білімді ұлт» қағидатын іске асыруға қосылған нақты үлес. Бағдарлама қатысушыларды цифрлық ортада сенімді әрекет етуге үйретіп, егде жастағы азаматтардың қоғамдағы белсенділігін арттыруды көздейді.
Курстар алдағы уақытта да жалғасады. Институт мамандары барлық ниет білдірген азаматтарды цифрлық білімге қадам басуға және заманауи технологияларды игеруге шақырады.