Jan 16, 2026
07 қараша 2025
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Біліктілікті арттыру және қосымша білім беру институтында Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік университетінің тыңдаушыларына арналған біліктілікті арттыру курстары өз мәресіне жетті. Бағдарлама шеңберінде тыңдаушылар «Энергетикалық инженерия», «Дінтану» және «Педагогика» бағыттары бойынша кәсіби білімдерін жетілдіріп, жаңа тәжірибелік дағдыларды меңгерді.
Курс барысында қатысушылар заманауи оқыту әдістемелерімен және ғылыми зерттеу тәсілдерімен танысып, тәжірибелік сабақтарда инновациялық шешімдерді талқылады. «Энергетикалық инженерия» бағыты бойынша жаңартылатын энергия көздері мен автоматтандыру технологияларының қолдану жолдары зерттелсе, «Дінтану» бағыты дін мен қоғамның өзара байланысын талдауға арналды. Ал «Педагогика» курстарында білім беру сапасын арттырудың жаңа әдістері мен цифрлық педагогика элементтері қарастырылды.
Бағдарламаны ұйымдастыруда институттың тәжірибелі оқытушылары тыңдаушылардың кәсіби құзыреттерін арттыруға басымдық берді. Курстар теория мен практиканы біріктіріп, халықаралық талаптарға сай форматта өтті.
Институт басшылығының айтуынша, бұл бастама Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы білім беру ынтымақтастығын нығайтып, мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға зор үлес қосуда. Тараптар алдағы уақытта да бірлескен ғылыми жобаларды жүзеге асырып, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге ниетті.